Сұхбат Forbes Kazakhstan-да 2024 жылдың қыркүйек айында жарияланды
Қазан айының басында Қазақстандық қор биржасында алғашқы рет нарықта 27 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан «Азиялық Неисе Қоры» МҚҰ облигацияларының саудасы басталады. Облигациялар бойынша кірістілік теңгемен жылдық 21% деңгейінде, купондарды тоқсан сайынғы негізде төлеу күтілуде. Компания немен айналысады және неге биржада қаржыландыруды тартатындығы туралы АНҚ басқармасының төрайымы Жанна Жакупова өз сұхбатында әңгімелеп берді.
Жанна Болатханқызы, сіз осы компанияда оның негізі қаланған кезден бастап жұмыс істеп келесіз. Барлығы неден басталғаны туралы айтып беріңізші.
— «Азиялық Несие Қоры» микроқаржылық ұйымы 1997 жылы бас кеңсесі АҚШ Портлендте орналасқан «Мейірімділік корпусы» халықаралық коммерциялық емес ұйымның бастамасымен құрылған.
АНҚ коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды, оның басты мақсаты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету болды. Өз қызметі аясында МҚҰ Қазақстанда шағын және микробизнесті несиелеу бағдарламасын ашты.
Мен компанияға КИМЭП университетін бітіргеннен кейін бірден несие маманы ретінде келдім. Ол кезде біз тек Алматы қаласында несие беретінбіз, ал біздің қарыз алушыларымыз көбіне «барахолкада» сауда жасайтын немесе азық-түлік, жиһаз өндірумен айналысатын адамдар болды. Қайта құру үдерісінен кейін уақыт қиын болды, көпшілігінің жұмысы болмады, тіпті жоғары білімі бар адамдар да тіршілік істеп, саудаға кетуге мәжбүр болды.
Бұл әлеуметтік жоба ма әлде бизнес пе?
– Жоқ, бұл қайырымдылық емес еді, компания шығындарды өтеп, пайда табуы керек еді. Бірақ несие сомалары аз болғандықтан (орташа чек 5 мың доллардан аспайды), өзін-өзі тез өтеуге қол жеткізу қиын болды. Инвестицияны қайтарып алу үшін бізге бес-алты жыл қажет болды.
Біз дамып келе жатқан сайын, коммерциялық емес ұйым компанияның дамуы үшін ең жақсы форма емес екені белгілі болды, өйткені бұл жерде кірісті нақты бөлу, нақты түпкілікті бенефициарлар жоқ. Барлығы бәріне тиесілі.
Бұл фактіні несие берушілерге немесе реттеушіге түсіндіру қиын болды. Сол күндері Ұлттық банк бізге несиелік қызметті жүзеге асыруға лицензия берді, бірақ біз дамыған сайын қорландыруды тарту керек екенін түсіндік.
Сондықтан 2006 жылы біз компанияның меншік нысанын коммерциялық емес ұйымнан ЖШС түріне ауыстырдық және екі тең құрылтайшымен – «Мейірімділік корпусымен» және қоғамдық қормен толық коммерциялық болдық. Бұл ретте біздің басты миссиямыз өзгеріссіз қалды — бұл отбасылар мен микрокәсіпорындардың, ең алдымен ауылдық жерлерде жылдам әрі ыңғайлы қаржылық қызметтер арқылы өмір сүру сапасын, әл-ауқатын және тұрақтылығын арттыру.
Супер пайданы көрсету біздің компаниямызға тән емес, өйткені біз жоғары табысы жоқ халықпен жұмыс істейміз.
Тұтастай алғанда, микроқаржыландырудың халықаралық түсінігі қаржылық және әлеуметтік мақсаттарға бірдей қол жеткізу болып табылады. Яғни, нағыз МҚҰ-да қайтсе пайда алу деген түсінік болмауы тиіс. Біздің елде бұл түсінік бұрмаланған.
Бүгінгі таңда сіздің компанияңыздың құрамында кімдер құрылтайшылар болып табылады?
-Бүгінгі таңда АНҚ-ның басты мажоритарлық қатысушысы Bopa болып табылады – бұл Сингапурда тіркелген холдингтік компания, оның соңғы бенефициарлары жеке және заңды тұлғалар (әдетте халықаралық даму институттары) болып табылады. BOPA миссиясы – өсу сатысында тұрған, бірақ көлемі жағынан шағын микроқаржы ұйымдарынығ дамуын қолдау.
Сіздердің бизнестеріңіздің ерекшелігі неде? Сіздер қандай өнімдер ұсынасыздар? Сіздердің клиенттеріңіз кімдер?
-Біз ең алдымен аймақтардағы несиелеуге назар аударамыз. Біздің клиенттеріміздің 93%-дан астамы ауылдық аймақтардан келген қарыз алушылар. Бұл ретте кредиттік портфельдің 58%-дан астамы мал шаруашылығы саласындағы бизнеске арналған кредиттер болып табылады.
Егер біз ауылға баратын болсақ, онда әр отбасында бірнеше қой, сиыр, жылқы және т.б. бар екенін көреміз. Бұл ірі емес шаруашылықтар – олар үшін басқа кредиторлар бар. Біз жеке қосалқы шаруашылықтары бар отбасылармен жұмыс істейміз. Халықтың осы санаты үшін қаржы өнімдерінің тапшылығы бар. Банктер провинцияға терең бармайды, олар үшін бұл тиімді емес. Біз болсақ тұрғындардың саны екі мың адам және одан аз болуы мүмкін елді мекендерде жұмыс істейміз. Несиенің орташа чегі – 500 мың теңге, орташа мөлшерлеме – 35%.
Клиенттің төлемге қабілеттілігін бағалауды сіздер әдеттегідей жүргізесіздер ме, әлде өзге де ерекшеліктері бар ма?
– Әрине, бізде несиелік скоринг толығымен онлайн емес, мұндай үрдіс қазір көптеген банктер мен МҚҰ-да жүргізілуде. Біз клиенттің несиелік тарихын, оның активтерін, ресми кірістерін және т.б. көреміз, бірақ көбінесе біздің клиенттерімізде онлайн түрде көрінбейтін активтер болады. Мысалы,мал саны немесе сиыр беретін сүт көлемі. Сондықтан несие мамандары орындарға барады, отбасымен танысады, белгілі бір активтерді бағалайды, содан кейін ғана біз несие беру туралы шешім қабылдаймыз. Біз тек кәсіпкерлік мақсаттарға ғана кредиттер береміз, яғни, біз той өткізу немесе айфон сатып алуға кредит бермейміз. АНҚ Бақылау кеңесінің мүшелері клиенттермен кездесу барысында. Фото: баспасөз қызметінің мұрағаты
Соңғы жылдардағы сіздердің қаржылық көрсеткіштеріңіз қандай?
— Соңғы үш жылда біздің активтер жылына орташа есеппен 40%-ға өсіп отыр және 2023 жылдың қорытындысы бойынша 33,2 млрд теңгені құрады.
Егер барлық МҚҰ компанияларын алатын болсақ, онда активтердің мөлшері бойынша біз 9-шы орындамыз. Егер халыққа тек автомобиль сатып алуға несие беретін компанияларды есептемесек, онда біз 5-ші орында тұрмыз. Сондай-ақ, біз несие портфелінің көлемі бойынша үздік 9-дыққа кіреміз. Ауылдың жерлердегі клиенттердің саны бойынша біз KMF компаниясына кейін екінші орында тұрмыз. Таза кіріс көрсеткіші тұрақты өсіп келеді және 2023 жылдың қорытындысы бойынша 841 млн теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бастап активтер 27%-ға, 41 671 млн теңгеге өсті, несие портфелінің көлемі 32%-ға (34 млрд теңге) дейін артты. Бүгінгі таңда бізде 64 кеңсе, 17 филиал бар, 500 адам жұмыс істейді, олардың 70-і Алматы қаласында, қалған 430 қызметкер Алматыдан тыс жерде, еліміздің түрлі өңірлерінде еңбек етеді.
Сіздер шығаруды жоспарлап отырған облигациялардың параметрлері қандай?
– Облигациялық бағдарламаның жалпы көлемі – 6 млрд теңге, бағдарлама шегіндегі бірінші шығарылым – 2 млрд теңге, облигациялардың айналыс мерзімі – 2 жыл, купон – жылдық 21%, купонды төлеу – тоқсан сайын, биржа — KASE, қаржы кеңесшісі және андеррайтер — BCC Invest инвестициялық компаниясы.
Сіздер неліктен қорландыруды тартасыздар? Тартылған қаражат неге жұмсалатын болады?
— Шығарылым мақсаты – айналым капиталын толықтыру. Біз әрі қарай өсуді, клиенттер қорын арттыруды, несие портфелінің көлемін көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Биржаға шыққанға дейін бізде әрқашан халықаралық несие берушілер болған. Бүгінгі таңда бұл Еуропа мен АҚШ-тың әртүрлі елдерінен келген 14 қор. Бұл негізінен әлеуметтік активтерге инвестиция салатын мамандандырылған халықаралық ұйымдар. Қорлар бізді екі-үш жыл мерзімге теңгемен несиелейді, яғни бізде валюталық тәуекел жоқ. Сондай-ақ бізде бес-жеті жылға субординацияланған қарыз бар — бұл біздің жауапкершілігіміздің де, бізге деген сеніміміздің де жоғары көрсеткіші, өйткені біз алатын барлық несиелер кепілсіз.
Шетелдік кредиторлар не нәрсеге көбірек назар аударады?
– Кредиторлар үшін компанияның және команданың топ-менеджментінің сапасы үлкен маңызға ие. Біз ұзақ уақыт бойы шетелдік кредиторлармен жұмыс істеп келеміз, осы уақыт ішінде белгілі бір сенім мен беделге ие болдық.
Бізде осы жылдар ішінде қалыптасқан мықты команда бар. Біздің филиал директорларымыз — барлығы несие мамандарының жолдарын өткен, біз адамдардың білім алуы мен оларды оқытуға көп қаражат саламыз, өйткені біздің компанияның бизнес-моделі мәмілелер жасасу кезінде адами фактордың үлкен әсерін болжайды. Ауыл тұрғындары көбінесе цифрлық технологиялардан алыс, оларға кеңсеге келу, онлайн кредит алудан гөрі біздің адаммен сөйлесу оңайырақ және түсінікті. Сондықтан біздің адамдар көп сөйлеуге, түсіндіруге және клиенттің кез-келген сұрақтарына жауап беруге дайын болуы керек.
Биржадағы ашық компания мәртебесі сізді қорқытпайды ма?
– Біз басынан бастап жоғары халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз, сондықтан біз ашықтық пен жариялылыққа үйреніп қалдық. Дамудың бастапқы кезеңінде бола тұра біз корпоративтік басқару жүйесін енгіздік: бізде құрылтайшылар, бақылау кеңесі (директорлар кеңесінің аналогы), басқарма, ішкі аудит қызметі бар.
Бақылау кеңесі жеті мүшеден тұрады, оның алтауы – тәуелсіз директорлар. Біз Компанияның барлық қызметі туралы кеңеске мерзімді түрде есеп береміз. Кеңес мүшелері өңірлерге барады, біздің қызметкерлермен және клиенттермен танысады.Біз жыл сайынғы аудиттан өтеміз және оның нәтижелерін өзіміздің сайтымызда жариялап отырамыз. Мондықтан – жоқ, бізді ашықтық қорқытпайды, біз оған үйреніп алғанбыз.
Сіздер пандемияны қалай өткердіңіздер?
– Осы кезеңде реттеушінің рұқсатымен біз клиенттерге кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсындық, бірақ таңқаларлық жағдай, біздің клиенттеріміздің көпшілігі кейінге қалдырудың қажеті жоқ деп шешті, олар біздің алдындағы барлық міндеттемелерін орындай алды. Осылайша, біз локдаунды «жұмсақ» өткізіп шықтық. Несие портфелінің сапасы пандемия кезінде де жоғары болды. Бұл тұрғыда біздің клиенттеріміз өте жауапты. NPL көрсеткіші (мерзімі өткен кредиттер) бүгінгі таңда 4%-дан төмен, бұл ретте біздің портфеліміздің 80% – бұл кепілзатсыз кредиттер.
Жанна Болатхановна, сіз компанияда бүкіл өміріңіз бойы істеп келе жатырсыз деуге болады. Онда сіз үшін не ең басты болып табылады? Қандай құндылықтар?
– Біздің компаниядағы басты құндылық – адамдар. Бұл біздің команда және біздің клиенттер. Біздің клиенттеріміз болмаса, біз өз өмірімізді мүлде елестете алмаймыз. Біз оларға тәуелдіміз, олар үшін қызмет етеміз және олармен ұзақ уақыт бірге болғымыз келеді.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға ҚНРДА 04.03.2021ж. №02.21.0008.М. мемлекеттік лицензиясы